0:00 / 0:00
Оқиға 8-маусым күні Сергей Тюленин көшесінің бойында тіркелген. "Тойота камри" маркілі авто көлік алдындағы бірнеше көлікті басып озып, қатты жылдамдықпен жол жиегінде кетіп бара жатқан адамды қағып өткен. Зардап шегуші Владимир Росланов қазір ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
20 жасар жас жігіт әскерден жақында ғана оралған екен. Оны жол жиегінде кетіп бара жатқан тұста жылдамдықпен келіп қағып өткен көлік жүргізушісі әлі кінәсін мойындамай отырған көрінеді. Жол көлік оқиғасының қалай болғаны сол маңдағы бейне бақылау қондырғысына түсіп қалған.
Зардап шегушінің ата-анасы оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын анықтағысы келеді. Сондықтан тергеу әділ өтуі үшін куәгерлер болса хабарласуын өтінеді. Оқиға болған орындағы кәсіпорын басшыларының бірінің айтуынша, жаяу адам жолдың жанынан 2 метр қашықтықта келе жатырған. Қазіргі күні зардап шеккен жігіт қалалық көп бейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағалануда. Жедел жәрдем көлігіне 13:39-да хабар келіп түскен.
Қазір аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. "Жол ережесін бұзу және денсаулыққа ауыр зардап келтіру" бабы бойынша жүргізуші айыпты деп танылса, 2 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін немесе 2 мың АЕК айыппұл салынады.