0:00 / 0:00
Биылғы жылы мектеп түлектері бірыңғай ұлттық тестілеуден екі мәрте өте алады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының мамандары хабарлауда. Облыс бойынша тестілеуге арнайы тоғыз орын белгіленген. Биылғы жылы ұйымдастырылатын ҰБТ-ның форматы өзгермеді.
Облыс бойынша 5 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ. Олардың 80 пайызға жуығы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуды жоспарлап отыр. Биылғы жылы да Қазақстандық жоғарғы оқу орындарында білім алғысы келетін мектеп түлектері тест тапсырады. Ал, қалған мектеп бітірушілер қорытынды аттестацияны тапсырулары шарт.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымнан басталып, 1- шілдеге дейін жалғаспақ. Мектеп түлектері 3 міндетті пәнді тапсырады. Олардың қатарында математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәндері бар. Сондай-ақ, мектеп түлегі екі пәнді таңдау бойынша сынақ тапсырады.
Егер мектеп түлектері тестілеуден құлап қалса, екінші мәрте тамыз бен желтоқсан айларында сынақ тапсыра алатын мүмкіндікке ие болмақ. Тестілеу орталықтары металл іздейтін және ұялы телефон байланысын бұғаттаушы құрылғылармен жабдықталатын болады. Биылғы жылы ең жоғарғы балл 140-ты құрайды. Мектеп түлектері жоғарғы оқу орындарына байланысты 50-65 балды жинаулары шарт.