0:00 / 0:00
Екпеден бас тарту мәселесі өзектілігін жоймай отыр. 13 мыңға жуық қазақстандық бүгінде екпе салдырмаған. Осылайша бұл көрсеткіш 2012 жылдан бері 3 есеге дейін артқан. Бұның ішінде, әсіресе Батыс өңірі көш бастап тұр. Мамандар бұны діни себептермен байланыстырады. Алайда, облысымыздың бас имамы екпеден бас тартуға дінді желеу етуге болмайтынын алға тартады. Себебі, бұған шариғатта тыйым жоқ. Қайта аманатқа берілген саулығымызды барынша сақтауымыз керек екен. Бұл жөнінде бірнеше жылдан бері жұма намаздарында да, арнайы уағыздарда да жамағатқа айтылып жүр. Көрсеткіш бойынша екпеден бас тартқандардың 37 пайызы дінді себеп еткен. Дегенмен, халықтың басым бөлігі, яғни 42 пайызы екпенің құрамына, пайдасына күмән келтіреді екен. Дін өкілдеріне үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, насихат айтылса, жұртшылықтың бұл бөлігіне қандай уәж айтылмақ?
Мамандар екпеден жаппай бас тартудың салдарынан жұқпалы ауру көбейе ме деп қорқады. Алайда, соңғылы жылдары аутизм мен сал ауруының күрт артқаны да халық көкейінде жүр. Бұны бала дүниеге келісімен, арты-артынан салынатын екпемен де байланыстыратындар табылады. Алайда дәрігерлер бұны үзілді кесілді жоққа шығарып отыр. Қазір екпе салынған уақыттан мониторинг жүргізіледі. Жыл сайын осы екпелерден 80 ге тарта реакция тіркеледі, бірақ мамандар бұның қалыпты жағдай екенін тағы айтты. Айта кетелік, бүгінде осындай түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 47 Батыс қазақстандық екпе салдыруға келісім берген.