0:00 / 0:00
Орал қаласында заңсыз жолаушы тасымалдағаны үшін "Фольксваген шаран" маркілі автокөліктердің 9 жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Егер олар осы кәсіптерін қайталайтын болса, көлік құралдарын тәркілеу туралы шешім шығарылмақ. Бұл жөнінде ІІД Жергілікті полиция қызметі мәлімдеді.
Фольксваген шаран маркілі көліктердің қатысымен жол көлік оқиғаларының жиілеуі тексерісті күшейтуге себеп болып отыр. Жолаушы тасымалының қаупісіздігін сақтау мақсатында жергілікті полиция қызметі бақылауды қатаңдатты. Мұндай көліктердің жүргізушілері жылдамдықты шамадан тыс асырып, өз мүмкіндікттерін асыра бағалап, қаншама жанның өмірін қатерге тікті. Қайғылы жағдайлардың бірі де оларға сабақ болмайтын сыңайлы. Себебі ешқандай рұқсат құжатынсыз адам тасуларын тоқтатар емес.
Қазір заңсыз жолаушы тасымалдаушылар өз істерін заңдастырып, талаптарға сай құжатын рәсімдеп, осы іспен айналысып отырғандардың алдын орап, нәпақаларынан қағып отыр. Желмен жарысқан 100-ге тарта осындай авто көлік күн сайын "Орал-Ақсай" тас жолының бойымен қатынайды. Оларға тосқауыл қоюға тек жол сақшылары ғана қауқарлы.
Диспетчерлердің айтуынша, полиция қызметкерлері үнемі жүргізушілермен сөйлесіп, семинарлар өткізіп отырады. Жолаушылар қандай көлікпен қатынауды өздері таңдайды, әрине. Мамандар оларға көлікке отырмас бұрын өз өмірін аманаттап тапсыратын жүргізушінің құжаттарын тексеруге кеңес береді. 2017-жылы 15 ірі жол апаты тіркеліп, бейбіт күнде тас жолдың бойында 35 адамның өмірі қиылған.