0:00 / 0:00
Орал қаласы әкімдігінде төтенше жағдай қызметі басшылары мен коммуналдық кәсіпорындар бас қосқан жиын болып өтті. Шаһар басшысы Мұрат Мұқаев төрағалық еткен кездесуде көктемгі су тасқынынан келер қауіптің алдын алу жұмыстары пысықталды. Қала әкімі су басу қаупі басым аудандарға жіті назар аударып, облыс орталығын қардан тазалауды жеделдету туралы коммуналдықтарға нақты тапсырмалар берді.
Наурыздың 3-ші он күндігінде күн жылынады деп күтіліп отыр. Коммуналдықтарға босаңсуға болмайды. Себебі тоң қалың болғандықтан ылғалдың жерге сіңуі тежеледі. Ал ауа райының күрт жылуы мұндай жағдайда аса қауіпті. Еріген қар суы көтеріліп, су тасқынының қаупі артуы ықтимал. Тәулігіне қазір 5 мың текше метр қар шығарылған.
Биыл облыста көктемгі судың деңгейі 600 см-ге дейін көтеріледі деп күтілуде. Ал былтырғы деңгей 580 см-ді құраған болатын. Бұл орайда өзенді жағалай орналасқан саяжай қоғамдастықтары тұрғындарына ескерту жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, 2000 орындық 28 эвакуациялау орталығы дайындалыпты. Қала аумағы қызыл, жасыл, сары аймақтарға бөлінеді. Қызыл аймаққа Курений, Шағана жағалауы, Элеватор, қаланың Солтүстік-Шығыс ауданы, Деркөлдің солтүстігі, Жұлдыз, Ветелки ауылдары жатады. Сол себепті осы аудандардың қарын аршып тазалауға коммуналдықтар баса назар аударуы керек деп тапсырма берді шаһар басшысы.