Оралда «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында өткен сенбіде кең ауқымды экологиялық акция өтті. Шараға белсенді жастар – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері атсалысты. Бұл күнгі экологиялық акция Кеңес Одағының Батыры Темір Масин атындағы тынымбақта өтті. Шараға 50-ден астам студент қатысты. Бұл жолғы шара Жеңістің 80 жылдығына дайындық аясында ұйымдастырылды. Қатысушылар қоқыс жинап, ағаштарды әктеп, белгіленген аумақты тазалауға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында үлкен қолдау тауып отыр және оған қатысушылар қатары күн санап артуда.Сонымен қатар, жас буын «Ерлікке тағзым» акциясын өткізіп, бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларды еске алды. Айта кетейік, республикалық шара барысында аймақтағы 126 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы тазартылған. Жыл басынан бері 25 мыңға жуық тұрғын санитарлық тазалау жұмыстарына қатысып, 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.