Көп ұлттың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ұйым 1995 жылы құрылған болатын. Ассамблея мүшелерінің айтуынша, ұйым елдегі 100-ден аса ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Ассамблеяның мерейлі датасын атап өту үшін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен салтанатты жиын өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық қатынас саласындағы қоғамдық институт ретінде таныла бастаған ұйымның жұмысына тоқтала келе, ел ішіндегі тыныштықты бұзғысы келетіндерге ескерту жасады. Президенттің айтуынша, өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетіндер - Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Тоқаев арандатушылыққа жол бермейміз деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПЕРЗИДЕНТІ «Кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды.Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті.Ассамблея бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды».
Әлемде орын алып отырға геосаяси ахуал, алып елдер арасындағы сауда соғысы Қазақстан экономикасына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев алда күрделі кезең келе жатқанын айта келе, бұл қиындықтан да өтеміз деп жұбатты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПЕРЗИДЕНТІ «Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ, - деді Мемлекет басшысы.Мен көп жағдайда "Бұл қиындық та артта қалады" деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы 2022 жылы бекітілген Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасының мерзімі аяқталуға жақын екенін айта келе, 2026-2030 жылдарға арналған ұйымның басымдықтарды айқындайтын Тұжырымдаманың жобасын жасауды тапсырды. Онда қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс -деді.