0:00 / 0:00
Бүгінде қазақстандықтар қолма-қол ақшаны көп пайдаланбайды. Қолындағы ұялы телефоны арқылы саудасын жасап, ақшаны мобильді аударым арқылы жолдай береді. Яғни смартфон азаматтардың әмиянына айналды. Алайда Үкімет көлеңкелі экономиканы бақылау үшін азаматтардың алыс-берісін қатаң бақыламақ. Егер бір азаматқа ай сайын 100 немесе одан көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым жасалса, ол бірден екінші деңгейлі банктің назарына ілінеді. Яғни мұндай аударымды алып отрыған тұлға кәсіпкерлік іспен айналысып отыр деген сөз дейді салықшылар. Кіріс комитеті өкілдерінің айтуынша, жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар арасында салық төлеуден жалтарып жүргендер де баршылық. Енді олардың бұл әрекетін мобильді аударымдар арқылы бақыламақ.
Сондай-ақ, кіріс комитеті көілдерінің айтуынша, мобильді аударымдарды бақылауда отбасы мүшелері де назарға ілінуі мүмкін. Егер әр ай сайын үш ай қатарынан аударым қайталанса бақылауға алынады. Бұл орайда тойшыл қазақтар құзырлы органның назарына ілініп қалуы мүмкін. Бұған дейін ақжолдық депутаттар Қазақстандағы мобильді аударымдарды толығымен бақылауды тоқтатуды ұсынғанды. Партия төрағасы Азат Перуашев тек микробизнес деңгейінде айына 1 млн теңгеден астам ақша аударылған жағдайда өлшем жүргізу қажет дегенді.Бұл қаржы министрлігінің Ұлттық банкке берген ұсынысы. Салықшылар мобильді аударымдар бойынша шекті соманы 255 мың теңге деп белгілеп отыр. Алайда бұл норма күшіне енген жоқ, Ұлттық банкпен келісу сатысында тұр.
Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер комитеті садақа мен қайырымдылыққа жиналған ақшаны да тексереді. Бас сарапшының айтуынша, мобильді аударымдар арқылы садақа, қайырымдылық және ем-шараларына жиналған қаражат кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Яғни оған салық салынбайды. Тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдарға ғана салық салынады. Ал емге жинап жатса, оны құжаттар арқылы растай алуы керек. Оларға хабарлама жолданса, ол тұлғалар құжат бойынша әрекеттерін растауы керек. Олардан жеке табыс салығы алынбайды. Хабарлама салық төлеушінің кабинетіне барады. Ол жерде түсінік беру деген батырма бар. Сол жерге құжаттарын жолдайды.