0:00 / 0:00
Қазақстанда Атом Электр Станциясын салу керек, салынады дегелі ондаған жыл өтті. Биыл осы мәселенің нүктесі қойылмақ. Алдағы қазан айының 6 күні жалпыұлттық референдумда қазақсатандықтар АЭС салуға келісесіз бе деген сұраққа "Иә, келісемін" немесе "Жоқ, келіспеймін" деп дауыс береді. ОСК мәліметінше, АЭС салу бойынша референдумға дауыс беруге құқығы бар 12 миллионнан астам қазақстандықтың жартысынан көбі қатысуы тиіс. Яғни алты миллионнан астамы.
Қазір елде АЭС құрылысына қатысты үгіт-насихат жұмысы да қызды. Бұған дейін 20 тыңдалым өтсе, енді мамандардың қатысуымен жиындар өтуде. Бұл үгіт жұмысына әншілер мен спортшылардың да белсенді қатысып жатқанын әлеуметтік желіде көзіміз шалды. Ал парламенттің қос палата депутаттары осы апта бойы аймақтарға барып, АЭС құрылысына қатысты халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Елордадағы ЕҰУ-де өткен жиында да мамандар энергия тапшылығын жою үшін ядролық реакторды салу қажет деген ойларын ортаға салды.
Мамандардың айтуынша, қазақстанда III және III+ буынды су реакторларын пайдалану жоспарлануда. Бұл технологиялар атом электр станцияларының жоғары қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін қамтамасыз етеді. Оларда ауыр апаттар ықтималдығы өте төмен. Атом электр станциясының 10 млн жылдан астам жұмысында тек бір ғана апат болуы мүмкін. Алайда атом электр станциялары бар болғаны 60, 80 немесе максимум 100 жыл пайдаланылады дейді. Қазақстанда АЭС салуға екі алаң қарастырылып отыр. Олар –Балқаш пен Курчатов. Экологтар болса ядролық реактор сала отырып, Балқаш көлін жоғалтып алуымыз мүмкін деген ой айтады.
АЭС салынса онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді деген жоспар бар. Ал біздің елде сала мамандарын кім даярлап жатыр?
Біздің ел уран қорына бай болып табылады. Ядролық реакторды салуға бұл бірден бір себеп дейді мамандар. Қолда бар уранды пайдаланып, қажетіне жұмсау керек. 12-15 млрд долларды құрайтын жобаның қымбаттығына қарамастан АЭС салсақ, болашақта ол шығын өтеледі деп сенідреді. Бүгінде Қазақстанда АЭС салуға ниет білдіріп отырған 4 ел қарастырылуда. Олар-Оңтүстік Корея, Қытай, Франция және Ресей.