0:00 / 0:00
Ақтөбеде өңірдің үздік құрылысшыларын марапаттады. Сала үздіктері медаль мен алғыс хаттарға ие болды. Өлкенің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған құрылысшылардың ерен еңбегі жайлы толығырақ тілші материалында.
Жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде құрылысшылар күні тойланады. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңір құрылысшыларын кәсіби мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы құрылыс саласында қызметкерлердің еңбегі ерен, олардың арқасында қаламыз көркейіп, мыңдаған жанұя баспанасына қоныстанады,- дейді.
Өңір басшысы құрылыс компаниялары су тасқынынан зардап шеккендерге көп көмектескенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында қызыл судың кесірінен жалғыз баспанасынан айырылған 502 жанұяға арнап үй салынуда. Асхат Шахаров құрылыс саласында жұмыс істейтін мамандарға сәттілік тілеп, түрлі марапаттармен марапаттады.
Мемлекет басшысының бұйрығына сәйкес "Құрмет" орденімен "Ақтөбе Строй Эксперт" компаниясының басшысы Жасталап Жанбауов марапатталды. Ал, ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденіне "Тенгри Строй Инвест" ЖШС басшысы мен "Ассер Партнер" компаниясының басшысы Бибитәлі Жилибаев ие болды.
Салтанатты жиында құрылыс саласының ардагерлері Болат Егимбаев пен Шамиль Каспранов сөз сөйледі. "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төс белгісімен Юрий Троицкий марапатталды. Ақтөбе облысы республика аумағында тұрғын үй тапсыру бойынша үздік үштікке енеді. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр пайдалануға беріледі. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған баспана салу үшін қазынадан 17 млрд теңге қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін кезекте тұрған 1200 адам қоныс тойын тойламақ.
Сурет https://el.kz сайтынан жүктелді.