БҚО-да шабақ балықтарды құтқару жұмысы жүргізілуде. Биылғы жылдың көктемінде облысымызда болған апаттан кейін аймақтағы сай-салада әр жерде бір су жиналған. Салдарынан сол сайда мекен ететін балықтардың енді қырылып қалу қаупі бар. Осыған қарсы өңір әкімдігі мен балық инспекциясы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараның барысы туралы тілші материалында.
Бәріміз білетіндей, биылғы жылы облысымызда орын алған су тасқынының келтірген зияны аз емес. Апат салдарынан сай-салаға жиналған азын-аулақ су бүгін-ертең тартылатын болса, онда сол көлшіктерді мекендейтін шабақтар қырылатыны сөзсіз. Мамандар балықтарды үлкен су айдынына көшіріп, өмірлерін сақтауда.
Құтқарылған балықтардың басым көпшілігі мөңке балығы, одан бөлек қызылқанат және қарабалық түрлерінен де бар. Олардың барлығы тіршілік етуге ыңғайлы үлкен су айдыны Шалқар көліне жіберілетін болады.
МАНАРБЕК УТЕШКАЛИЕВ
БҚО БОЙЫНША БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
БҚО тұрғындарынан су тасқыны салдарынан осындай сай-салаларда жиналған суда мекен ететін балықтарды көрсе, бірден жергілікті органдарға немесе БҚО бойынша Балық инспекциясына хабар берулерін сұраймыз. Себебі біз көмекке мұқтаж аумақтарды түгел дерлік білмейміз, бірақ барымызша жұмыстанып жатырмыз. Егер әр аймақ тұрғындары өз жағындағы мәселелі мекенді көрсетсе, жұмысымызға үлкен көмек берер еді.
Биыл жыл бойына мамандардың қатысуымен 20 млн балық құтқарылған. Оларды сақтауға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.