0:00 / 0:00
Биыл ұсақ жол-көлік оқиғасына тап болған жүргізушілерге арнап "Еуро хаттама" мобильді қосымшасы іске қосылды. Тың жаңалық екі жүргізушінің уақытын үнемдеп, істі сотқа жолдамай, полиция қызметкерлерінің тергеп-тергеу жүргізбеуі үшін таптырмас мүмкіндік деп хабарланған еді. Алайда іс жүзінде мобильді қосымшаны пайдаланып, кәдеге жаратқандар аз.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Еуро хаттама" бағдарламасы іске қосылды. Бұл ұсақ жол-көлік апатына тап болған жүргізушілердің ымыраға келуіне мүмкіндік береді. Тек қос жүргізуші темір тұлпарын сақтандырып, апаттан зардап шеккен адам болмаса, әрі келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса болғаны. “Еуро хаттама” толтырғанда жол көлік апатына кінәлі жүргізуші қателігін мойындауы шарт. Жаңа қосымшаны кәдеге жаратып жатқан жүргізушілер аз. Жыл басталғалы әкімшілік сотта қаралатын жол көлік апатына байланысты істердің саны артыпты.
Ботагөз Нұрмағамбетова, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы:
-2023 жылы әкімшілік сотта жол көлік оқиғасы, 610 баб бойынша 2892 іс қаралды. Биыл осы жеті айдың ішінде 1595 іс қаралып отыр. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол көлік оқиғаларын оңтайландыратын жүйе іске қосылды. Десек те, жаңа хаттама БҚО жұмыс істемейді,-дейді.
Судьялар мен полиция қызметкерлері, сақтандыру компаниялары бас қосты. Олар "Еуро хаттаманы" қолданатындардың санын қайтсек көбейтеміз деген тақырыпта пікір алмасты. Сақтандыру компаниялары мобильді қосымшаны қолданғандарды әркез қолдаймыз. Халық арасында түсіндіру жұмысын ұйымдастыру керек,- дейді. Ал, тәртіп сақшылары "Еуро хаттама" дұрыс жұмыс істемей, іске қосудың өзі мұң екенін айтады.
Константин Недопекин, БҚО ПД ППБ командирінің орынбасары:
-Мінекей, бізде осы "Еуро хаттаманы" телефонға көшіріп, бағдарламаға тіркелген едік. Мемлекеттік дерек базасы жұмыс істемейді. 102-ге хабарласыңыз деп жазулы тұр. Бәрімізде бір интернет. Бағдарламаның нәтижесі осындай! Бұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? -дейді.
"Еуро хаттаманы" оңтайлы пайдаланып жүрген шаһарлар бар. Солардың бірі-Астана қаласы. Елордалық соттарда қаралатын әкімшілік істердің саны 30 пайызға қысқарған. Осындай көрсеткіштерді алға тартқан әкімшілік соттың төрағасы Ботагөз Нұрмағамбетова “Еуро хаттаманың” мүмкіндіктерін түсіндіру керегін айтты.