0:00 / 0:00
Орал қаласының Жүнісов көшесі 4 мекенжайында орналасқан тұрғын үйден өрт шықты. Екі қабатты ғимарат қызыл жалыннан зардап шекті. Абырой болғанда адамдар дін аман. Десек те, тұрғындар бар жиған-тергенінен айырылып, қиын жағдайға тап болды. Тілсіз жаудан зардап шеккендермен арна тілшісі Ажар Хамитова тілдесіп қайтты.
Ет комбинаты ауданында орналасқан екі қабатты тұрғын үй кешкісін өртке оранды. Соның салдарынан ескі үйді паналап отырған жандар баспанасынан айырылды. Әсіресе, бірінші қабатта орналасқан үйдің сау-тамтығы қалмапты. Қызыл жалыннан аман қалған отбасы қазір туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
Эльвира Аюпова, тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғын:
-Көршімнің үйі толықтай жанып кетті. Менің де жиһаздарым өртке оранды. Сау-тағамтығы қалмады. Ешбір дүнием қалмады. Менің кәмелетке толмаған балам мен зейнеткер анам бар. Көмек сұраймын. Қазір барар жерім болмағасын, ағайын-туысты паналап отырмын. Бұған дейін бірнеше мәрте көршімнің үстінен полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жаздым. Бірақ ешқандай шара қолданбады. Көршім ащы суды көп тұтынады. Мына үйде 7 жыл тұрамын. Осы жылдар ішінде онымен арпалысып келемін,-дейді.
Төтеншеліктер тілсіз жау кешкісін сағат 8-дер шамасында тұтанғанын айтады. Оқиға орнына келіп жеткенде жеке заттар мен жиһаз, бірінші қабаттың төбесі өртке оранғаны анықталған.
Тілсіз жаудан зардап шеккен баспана осыдан 84 жыл бұрын пайдалануға берілген. Тұрғындар үйлерін апатты деп есептейді. Баспананың шатырынан су кетіп, қабырғасы қақырап, әзер тұр.
Людмила Сушкова, қала тұрғыны:
-Үйіміз 40-шы жылдарда салынған. Баспанамыз баланста жоқ. Әкімдікке анықтама алу үшін барғанда қызметкерлер таңғалып жатады. Ол мекенжайды қайдан алдыңдар деп сұрайды. Жакупов әкім болғанда үй сүріліп, баспана береміз деп айтқан едік. Содан бері жағдай еш өзгеріссіз. Үйіміз опырылып құлап, астында қаламыз ба деген үреймен өмір сүреміз. Әкімдік бізге қол ұшын созып, өтішімізге құлақ асса деп сұраймыз,-дейді.
Қызыл жалыннан зардап шеккен үйде 10 пәтер бар. Енді тұрғындар құжат жинап, ресми түрде баспананы апатты деп тану бойынша жұмыстанбақ. Тілсіз жаудан аман қалған тұрғындар күрмеуі қиын мәселеде атқарушы билік өкілдерінен көмек сұрайды.