0:00 / 0:00
Заңсыз иемделіп, кері қайтарылған активтер қайда жұмсалып жатыр? Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысында мемлекет кірісіне қосымша 40 миллиард теңге қайтарылғаны мәлім болды.Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. 40 миллиард теңгенің 38 миллиард теңгеден астамы – ақшалай қаражат, сондай-ақ Астанадағы құны 2 миллиард теңге тұратын бизнес-орталық. Қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталады.
Сондай-ақ, 7 миллиард теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданған, оның аясында "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады. Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Үкімет басшысының айтуынша, активтерді қайтару жұмыстары – бұл Мемлекет басшысының әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі саясатының тікелей іске асырылуы. Барлық қайтарылған қаражат Қазақстан халқының игілігіне жұмсалады.