Орманшы және Иманов көшелерінің жолын күрделі жөндегелі бері жеке тұрғын үй иелерінен маза кетті. Бұл көше жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен қауіпті жол аймағына айналған. Бір аптада кемінде екі мәрте жол апаты тіркеледі. Үрейленген тұрғындар жол қауіпсіздігіне жауапты мамандардан шара қолдануын сұрайды.
УӘСИЛА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Белгілі болғандай, бұрын аталған көше қиылысында жол белгілері қойылған екен. Орын алған жол апаттары салдарынан сүріліп немесе жарамсыз күйге түсіп, қайта орнатылмаған. Жаңадан тұрғызылғанның өзінде жол көлік оқиғасы нәтижесінде ұзаққа бармайтын көрінеді. Өткен аптада ғана жол айрықта екі автокөлік соқтығысып, №62 үйдің ауласына кіріп кеткен.
ДАРИҒА МӘЖИТОВА
БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Тұрғындар осы іспетті оқиғаның алдын алу мақсатында «жол бойына жасанды кедергі орнатылуы қажет» дейді. Өйткені бұл көшемен балалар мектепке, бүлдіршіндер балабақшаға барады. Азаматтар көтерген мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жол қауіпсіздігін бағдарлайтын арнайы белгілер орнатылатынын хабарлады. Алайда нақты шешімге қол жеткізу үшін баспана иелері құзырлы мекемеге арыз-шағымын жеткізуі тиіс.
АЛЬБЕРТ БЕКМҰХАМБЕТОВ
ТҮКШ, ЖК ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Қазіргі уақытта Гагарин көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты Орманшы және Иманов көшелерінде қозғалыс нөпірі артқан. «Бұл да өз кезегінде адам өміріне қауіпті» дейді тұрғындар. Себебі көлік құралдары үшін жылдамдықты 40-тан асырмау белгісі жоқ.