0:00 / 0:00
Қазақстанға әкелінген автокөлік құралдарын заңдастырудың басты талаптарының бірі-темір тұлпардың шет мемлекетте тіркеуге алынбағаны, қандай да бір шектеулер мен автокөліктің іздеуде болмауы шарт. Бұл талаптарды негізге ала отырып, облыста 4792 автокөлік заңдастырылыпты.
Бұл орайда Үкімет қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер қабылдағанын ескерген жөн. Өзгеріске сай бастапқы тіркеу үшін бірыңғай ставка белгіленген: кәдеге жарату алымы, шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша шектеулер жойылды. Ал Ішкі істер министрлігі Қазақстанға «конструкторлар» деп аталып жүрген қосалқы бөлшектердің түрімен әкелінген автокөліктерді заңдастыруға мүмкіндік беретін тиісті түзетулер әзірлеген.
Аталған түзетулер «Е-гов» ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында талқылау үшін жарияланады. Оған әрбір тұрғын қатысып, ұсыныс енгізе алады. Жалпы заңдастыру жөніндегі барлық проблемалық мәселелер ҚР ІІМ-ге жолданып, шешім қабылдау барысында мұқият зерделенеді. Әкімшілік полиция қызметкерлері себепсіз дүрбелең тудырмауға шақырады. Автокөлік иелері есепке қоюдың экстерриториалық тәсілінің мүмкіндігін де пайдалануда. Мәселен, облыс тұрғындары басқа өңірден 143 автокөлікті өз атына тіркеген. Сондай-ақ сақтандыру компанияларының қолда бар мәліметтеріне сүйенсек, өңір тұрғындары шетелдік тіркеуі бар 12 мыңға жуық автокөлік тізгіндесе, олардың үштен бір бөлігі заңдастырудан өткен.