0:00 / 0:00
№2 қалалық сотта ассенизатор көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды. Наурыздың 1-і күні «Батыс су арнасы» ЖШС баспасөз қызметкері кәсіпорынға тиесілі қалалық кәріз желісіне сарқынды су ағызып жатқанын көрген бойда оған ескерту жасаған. Жүргізуші болса, қызметкерге физикалық күш қолданып, ер адамды жерге құлатып, оның қызметтік күртесін жыртып, телефонының экранын сындырған. Бауыржан Ғиляжев ассенизатор көлігін тізгіндеген азаматтар жиі заң бұзып, сол арқылы экологияға ғана емес, кәріз жүйесіне де зиянын тигізетінін айтады.
Іс материалдарын зерделеу кезінде сот жүргізушіні кінәлі деп таныды. Ер адам 5 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Өз кезегінде көлік жүргізушісі қалалық кәріз жүйесіне сарқынды суды төгу кезінде жақын маңдағы мейрамхананың иесінен рұқсат алғанын жеткізді. Соған қарамастан, заңнамаға сәйкес бұл әрекеті құқықбұзушылық болып танылды.
Сот шешімімен келіспеген жағдайда жеке ассенизатор көлігінің жүргізушісі шағымдануға, ал коммуналдық мекеме қызметкері материалдық және моральдық зиянды өтеу үшін сотқа жүгінуге құқылы.