0:00 / 0:00
Сайлау науқанында белсенділік танытатын саяси партиялар оянып жатыр. «Ауыл» партиясы алғашқы болып Президент сайлауына кандидатын ұсынды. Астанада "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Ауылдықтардан 67 жастағы Жигули Дайрабаев саяси додада Президент тағына таласып көрмек. Дайрабаев - "Атамекен" ҰКП Төралқасы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы. Үйленген, үш баладан жеті немере көріп отыр.
Өмірбаянына үңіліп көргенімізде президентке үміткер Жигули Дайрабаев Жамбыл облысының Жалпақсаз ауылында дүниеге келген екен. Еңбек жолын қойшының көмекшісінен бастап, одан кейін колхозда жүргізуші болып жұмыс істеген. Партиялық қызметте жүрген. Ауыл шаруашылық саласында еңбек еткен. 2000 жылдары бизнес бастаған. Жигули Дайрабаев қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен билікке таласу оңайға түспейтінін айтады. Қобалжу бар. Дегенмен,әділеттілік үшін кұресемін деп отыр.
Дайрабаев сайлауалды платформасын ауыл мен ауыл шарушалығын дамытуға бағыттамақ. Ауылдың инфрақұрылымын көтеріп, жастарды ауылға тартуды көздеп отыр. Дегенмен ол бүгінгі биліктің ел басқарудағы кемшін тұстарын атаудан бас тартты. Журналистер тарапынан қойылған ыңғайсыз сұрақтар Президенттіктен үміттеніп отырған Дайрабаев мырзаға ұнамай қалды.
20 қарашада өтетін Қазақстан Президентін сайлауға кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталады. Әзірге «Ауыл» партиясы ғана өз кандидаты ұсынып отыр. Өзге саяси күштер де көпке созбай ел басқаруға лайықты үміткерін ұсынады деп күтілуде.