0:00 / 0:00
Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылдық округінің тұрғындары жолдың кесірінен зардап шегіп отыр. Қаладан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Жосалының тұрғындары көктем мен күзде езілген балшыққа батса, жазда шаңнан көз ашпайды. Ал қыста бораннан кейін айлап қатынастан қағылады.
Жол азабын жүрген білер. Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылдық округінің тұрғындары жолсыздықтың кесірінен зардап шегуде. Жосалылықтар 31 шақырым тас жолдың қанша жыл өтсе де жөнделмей келе жатқанына наразы.
Мына бейнекадрларды ауыл тұрғындары биыл көктемде түсіріпті. Ал бұл қыста түсірілген бейнежазба.
Қанша әкім ауысса да жолдың мәселесі бір шешімін таппай келеді. Тұрғындар 30 жылда жөнделмеген жолдарын жөндеуді талап етеді.
Округ тұрғындарын толғандырған мәселе қашан шешіледі деп аудан әкімдігіне бас сұқтық. Аудан басшысы орнында болмай шықты. Атқамінер өзге ауылдық округтерді аралауға шығып кетіпті-мыс. Ал, жолға жауаптылар болса, Жосалы ауылдық округінің тас жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжатты тек 2024 жылы жасау жоспарда бар екенін жеткізді. Құжат болса үш жылға жарамды. Атқамінерлер ауданға жол салу үшін облыстық бюджеттен жеткілікті деңгейде қаражат бөлінбейді,- деп хабарлады.
Шенеуніктерден жолдың уақытылы тазаланбауына да не себеп деп сұрадық. Жауын жауса балшықтан тазартылмай, қары уақытылы аршылмайтын тас жолды тазарту үшін 4 техникасы бар мердігер тендерді ұтып алған. Компанияға 38 елдімекеннің жолын тазалап, күтіп ұстау үшін бюджеттен 35 млн теңге бөлініпті.
Қысқа жіп күрмеуге келмейді. Жауаптылар жол салуда қаржы тапшы деп ақталады. Ауылдық жерде түтінін түтетіп, бала-шағасын өсіріп, ата қоныста күнелтіп отырған бұқараның арман-тілегі бір. Өмірі жөндеу көрмеген тас жолға асфальт салу. Президент Тоқаевтың еститін үкіметі Оралдан жырақта отырған Жосалының тұрғындарының уәжіне құлақ асады деп үміттенейік.