Орал қаласында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Онда 40-тан аса жұмыс беруші жастарды еңбекке араластыру мақсатында түйіндемелерін қабылдап, түрлі кеңестер берді. Орал қаласында 3 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Түрлі кәсіпті меңгергенімен екі қолға бір жұмыс іздеген оларға бос орындар жәрмеңкесі қол ұшын созды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырушылар бұл шараны әуелі әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихаттаған. Осылайша жұмыссыз жандарды көбірек қамтуға тырысыпты. Бұл жолғы жәрмеңкеде қырыққа тарта кәсіпорын 350-ден астам жұмыс түрін ұсынып отыр. Егер ұсынылған жұмыс келушілердің көңілден шықса, дәл осы жерде келісімшарт жасалып, қызметке алынады. Мұнда жұмыс жағдайы, қойылатын талаптар және жалақы көлемі де түгел көрсетілген.