0:00 / 0:00
Бүгін Оралдағы М. Мәметова атындағы халықаралық әуежай терминалы іске қосылды. Әуежайдың аэровокзал кешенін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жаңа терминалдың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қатысты.Бұл күнді Батысқазақстандықтар асыға күтті. Су жаңа терминалдың іші жарық, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Және халықаралық әуе рейстерін орындауға арналған бөлек бөлім де бар. Демек әуежайдың заманауи инфрақұрылымы оны «ашық аспан» режиміне қосуға ықпал етіп, шетелдік авиакомпанияларды тартуға мүмкіндік береді. Халықаралық әуежай терминалын облыстық құрылыс компаниялары салған. Терминалдың аумағы 10 мың шаршы метрді құрайды, жолаушылардың орташа ағыны жылына 600 мың адамға жетеді. Әуежайдың жаңа терминалы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.Құрылысқа жұмсалған материалдардың 60% - ел аумағында өндірілген өнімдер. Яғни әуежай құрылысында пайдаланылған шыны, керамикалық плиткалар, санфаянс және басқа да материалдар өз елімізде шығарылады.Жаңа әуежай жолаушылар санын арттыра түсіп, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, және туризм саласын дамытуға мүкіндік бермек. Естеріңізге сала кетеміз ескі ғимарат апаттық жағдайға байланысты 2019 жылы жабылған еді. Сол уақыттан бері қосалқы тар ғимаратта қызмет көрсетілді. Ал жаңа нысаннан алғашқы әуе сапары бүгін кешке Алматы қаласына орындалатын болады.Терминалдың енді іске қосылуы себепті мұндағы барлық орнатылған құрылғылар бір ай уақыт көлемінде тесттік режимде сыналады.
Естеріңізге сала кетеміз, биыл наурыз айында Үкімет қаулысымен Орал қаласындағы әуежайға Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есімі берілді.