0:00 / 0:00
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» өз айдынында «СКА-Свердловск» командасымен екінші ойынын өткізді. Бұл кездесуде де Николай Шавалдиннің шәкірттері айқын басымдық көрсетіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын барысында екі рет мергендік танытқан ресейлік легионер Максим Пахомов биылғы маусымда соққан гол санын 30-ға жеткізді.
Сондай-ақ команда капитаны Максим Өтебалиев қос голдың авторы атанды. Ресейлік Сергей Башаев пен Александр Слугин қарсыластың қақпасына бір-бір доптан енгізді. Қонақтардан Алексей Снегирев қана гол соға алды. Осы ойыннан кейін 27 ұпай жинаған оралдық клуб үшінші топта төртінші орынға көтерілді. «Ақжайық» келесі матчтарын Оралда 11-12 ақпанда негізгі қарсыластарының бірі - «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді.