0:00 / 0:00
Орал қаласының маңындағы кенттік окургтерде мал жайылымдық жерлері жетіспейді. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттарының халықпен байланысты нығайту бағытында өткізген отырысында 20-шы округ депутаты Мирболат Ерсаев мәлімдеді. Депутат сағатында көптеген мәселелер, атап айтқанда шаһардағы жол жөндеу, абаттандыру, қоғамдық көлік қозғалысы сынды әлеуметті толғандырған мәселелерді шешу жолдары айтылды. Қазір Деркөл кентінде бағдаршамдар жетіспейді. Оған қоса мал жайылымдық жерлердің аздығы да тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті жәйт. Бұдан бөлек кенттегі шешімін табуы тиіс проблемаларды депутаттар атап өтті. Мал жайылымдық жерлерінің тапшылығы қала аумағындағы барлық кенттерге тән жағдай. Бүгінде Деркөлдің өзінде 6 мыңнан аса бас мал басы бар. Тұрғындар «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» аумағынан жайылымдық жер сұрап, әкімдіктен осы мәселенің шешімін тауып беру үшін округ депутатына өтініш білдірген. Сонымен қатар Деркөл кентіне №7 қоғамдық көлік қатынайды. Аталмыш бағыттағы жолаушы тасымалымен шұғылданушы компанияға тұрғындар тарапынан шағым өте көп. Бүгінде 7-ші автобусқа жаңа 9 көлік сатып алынған. Айдың аяғына дейін тағы да екі автобус әкелінбек. Кенттегі күрмеуі қиын өзекті мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті шаһар басшысы Абат Шыныбеков.