Бүгінгі таңда 6365 оралдық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Облыс орталығында мектепке дейінгі білім беретін 50 мемлекеттік арнайы мекеме бар. Оларда 10 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.
Орал қаласында 50 мемлекеттік балабақша бар. Оның қабырғасында 10 238 бала тәрбиеленуде. Бұдан өзге облыс орталығында орналасқан жекеменшік балабақшаларға 6300 ден астам бүлдіршін барады. Бүгінде мемлекет бір бала үшін 41197 мың теңге төлейді. Жалпы Орал қаласы бойынша 6365 бала бөбекжай кезегінде тұр.
Жақында білім және ғылым министрлігі балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы ашылатынын хабарлады. Бұл жаңалықты жеткізген вице-министр Шолпан Каринованың айтуынша, «Ол -мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындарды бөлудің ашықтығын, қаржының дұрыс жұмсалуын және кезектің қайталанбауын қамтамасыз етеді».
Ал жаңа база іске қосылғанша оралдық ата-аналар «Эндиго» бағдарламасы арқылы кезекке тұрып, өз орындарын күтпек.