0:00 / 0:00
"Ақ жол" партиясы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушыларын жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Жыл сайын бұл игі дәстүр жалғасып келеді. "Ақ жолдықтар" карантиндік шараларға байланысты барлық талаптар сақтала ұйымдастырылған шыршаға қатысып, бүлдіршіндерге тәтті сыйын табыстады.
Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта карантиндік шараларды сақтай отырып, бір сыныпқа арналған жаңа жыл шыршасы өтті. Мерекелік шарада болған балалардың көбі алғаш рет шырша кешіне қатысып отыр. Олар түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп, шыршаны айнала ән шырқап, би билейді.
"Ақ жолдықтар" балғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтау үшін мекемеге арнайы барды. Мерекелік шарада сөз алған депутаттар "Ақ жол" Қазақстан Демократиялық партиясының БҚО филиалының төрағасы Серік Мерғалиевтің құттықтауын жеткізіп, жүрек жарды тілектерін айтты.
Жаңа жыл мерекесі аяз ата мен ақшақарсыз өтпейтіні белгілі. Шалғайдан келген аяз атаға оқушылар дайындаған өнерлерін көрсетіп, өлең оқыды.
Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат осыдан 25 жыл бұрын ашылды. Бүгінгі таңда білім ошағында 135 бала оқиды. Бүлдіршіндерге 88 мұғалім мен тәрбиеші тәлім-тәрбие береді.
"Ақ жол" партиясының игі шарасы алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.