0:00 / 0:00
Теректі ауданына іс-сапармен барған аймақ басшысы аудан жұртшылығына су жаңа әкімді таныстырды. Ауданның жаңа әкімі болып Ғабдушев Тілекқабыл Александрұлы тағайындалды.
Облыс орталығының іргесінде орналасқан Теректі ауданына жаңадан әкім тағайындалды. Бұрын Ақжайықта аудан басшысының орынбасары болған Ғабдушев Тілекқабыл енді Теректі әкімінің орындығына жайғасты. Осыған дейін бұл қызметті Арман Өтеғұлов атқарды. Қазір атқамінер екінші мәрте облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған-ды. Жаңа әкімді таныстырған аймақ басшысы Тілекқабыл Ғабдушевке сәттілік тіледі.
Енді Теректі ауданында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. 2021 жылдың 9 айында ауданға 2 млрд 700 мың теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында Тоқбай ауылында 40 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Және Федеровка, Подстепный, Жаңа өмір мен Ақжайық ауылдарында 6 көпқабатты тұрғын үй салу мен оған инженерлік желі тарту жұмыстары жасалуда. Бірақ 4 ауылдағы құрылыстың баяу жүргізіліп жатқанын облыс әкімі атап өтіп, келер жылы құрылысты аяқтау керектігін еске салды.
Жаңадан тағайындаған аудан әкімі Теректі жұртшылығын алаңдатқан сауалдарды шешу үшін жұмыстануы қажет. Атқамінердің алдында Аңқаты мектебін күрделі жөндеу, Подстепный ауылына су тартып, 200 адамға арналған емхана салу міндеттері тұр.