2002 жылы облыста тұңғыш рет «Ақберен» жас ақындар мектебі ашылған еді. Қолына қалам ұстап, өлең-жыр жазуды серік қылған балғындардың басын қосқан орталықтың жетекшісі, негізін қалаушы-Талап Таймасұлы болатын. Қажырлы еңбектің арқасында орталық бүгінде қанат жайып, сыныптары жер-жерден ашылды. Міне, тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында "Шабыт" шығармашылық орталығында "Ақберен" жас ақындар мектебінің тағы бір сыныбы ашылып отыр.
Жаңа сыныпта ақынның жинақтары, өлеңдер топтамасы, еңбектері қойылды. Осы жерде жас ақындар қара өлең жазу дағдыларын үйреніп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Өмірін өлеңмен ұштастырған жанның бірі-Саян Ерсайын. Ақындар мектебіне барып жүргеніне 5 жылдан асқан. Енді ол алысқа бармай-ақ төл туындыларын осы жерден жаза алады.
Айта кетсек, орталық бұрынғы мейрамхана ғимаратында ашылған болатын. Мектептен тыс жұмыс орталығында 14 үйірме жұмыс істейді. Яғни, бүлдіршіндер қосымша білім алып, шеберліктерін жетілдіреді.