0:00 / 0:00
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллион теңге қаржы бөлінгенін айтты.Бұл жайында мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезінде мәлімдеді. Тоқаев пандемия кезінде мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асты. Осының арқасында жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік деді. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін баса айтты.
АҚШ пен Еуропа елдерінде шағын және орта бизнес экономиканың негізгі драйвері болып табылады. Осылайш жалпы ішкі өнімнің 70 пайызын құрап отыр. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайыздың үстінде. Дегенмен, бізде әлі де болса мұнай шикізатына тәуелділік басым. Экономистердің пікірінше, мемлекет шағын және орта бизнесті қолдап жатырмыз деп қанша жар салғанымен, нақты нәтиже жоқ. Керісінше жағдай қиындап барады. Қабылданып жатқан Бизнесті дамыту бағдарламалары да жемісін бере алмай отыр. Енді оған панедмия қосылды. Кәсіпкерлер болса елдегі салық жүйесіне шағымданады. Бизнес қауымдастығының басын қосқан жиында ел Президенті жеке кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай төлем жасауды әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатқанын да айтты.Бес жыл бұрын шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24 пайыз болды. Қазір бұл көрсеткіш 32 пайызға жетті және салада 3,5 миллион отандасымыз жұмыспен қамтылған деді. Дегенмен, отандық бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған жәйіттер өте көп дейді сарапшылар. Шенеуніктердің қолымен жасалатын бюрократия, қолжетімсіз несие кәсіпкерлерді тежеп отыр. Ұлттық банк базалық межені төмендететін емес. Ал шағын және орта бизнес үшін қымбат несиені алу мүмкін емес. Кәсіпкерлер съезінде Президент алдағы жылға «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллион теңге қаржы бөлінгенін айтты.
Қазір Парламент Мәжілісіне «басынан бастап» реттеу жүйесіне негізделген заң жобасы енгізілді. Құжат шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдерін қамтымақ. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жер телімдері, құрылыстың басты жоспары, коммуникация жайында ақпаратты цифрландыруды тапсырды. Бұл белгілі компанияларға басымдық беріп, қолдау жасап, шағын кәсіпкерлердің жолын кесуге мүмкіндік бермейді деді Президент.