0:00 / 0:00
Орал қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтті. 7-ші шақырылымның алдында шаһар басшысы 8 айда атқарған жұмысын жіпке тізді. Мәслихат сессиясында депутаттар қазанның соңына дейін қоғамдық көліктер жолақысының сараланған тарифін бекітті. Енді картасы бар жолаушылар -80 теңге төлесе, қолама қол есептескенді жөн санайтындар -150 теңге көлемінде ақы төлейді.
Мәслихат депуттатарының кезекті сессиясында қала басшысы есеп берді. Атқамінер 8 айда атқарылған жұмыстарын баяндап шықты. Әкімнің есебіне сенсек, 8 айда қала бюджетіне 74,3 млрд. теңге түсім түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға артқан. Бірақ инвестиция көлемі азайыпты. Биыл 37,6 млрд.ты құрап отыр. Жеке инвестицияның арқасында 391 нысан іске қосылды. Бюджеттегі қаражаттарды есептеп болғасын әкім ауыл шаруашылығы саласына ойысты. Қазіргі таңда облыс аумағында тұрғындарды жаңа піскен өнімдермен қамтамасыз ету үшін 8 жылыжай жұмыс істейді.
Енді құрылыс жұмыстары туралы тартқатсақ. Облыс орталығында жалпы 615 шақырым тас жол бар. Оның 68,8 пайызына асфальт төселген. Бірақ кеңес үкіметі заманынан бері көшесіне асфальт төсеп, көктем мен күзде саз балшық кешпей өмір сүруді армандайтын тұрғындар бар. Жақында қалада 20 шақырым жол салынады. Оралдағы өзекті проблеманың бірі жазғы уақытта тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Халық судан ажырап, тіршілік нәрін шелекпен тасып, ыдыстарын сумен толтырып алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрғаны да есімізде. Баспанасы жоқ тұрғындарды толғандыратын үй құрылысы да назардан тыс қалмақ емес.
Мәслихат сессиясында депуттаттар қоғамдық көлік жолақысының сараланған тарифін енгізу туралы ұсынысты қолдады. Енді қазаннан бастап оралдықтар қоғамдық көлікпен қатынау үшін картамен 80 теңге, ал қолма-қол 150 теңге төлейді. Және сессия барысында "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының іске асу барысы туралы да айтылып, пысықталды.