БҚО-да 66 мектеп салынуы тиіс. Қазіргі таңда 10 білім беру ошағының құрылысы жүріп жатыр. Екі мектеп жеке инвестордың қаражатынан салынуда. Бұл туралы облыстық мәслихатта өткен жиында аймақ басшысы Ғали Есқалиев мәлімдеді. Президенттің жолдауында айтылған тапсырмалар өңірде қалай және қашан орындалмақ?
Президенттің жаңа жолдауында түрлі сала қамтылды. Мемлекет басшысы атқарушы билікке 1000 мектеп салу туралы тапсырма жүктеді. БҚО 2025 жылға дейін 66 мектепті салып аяқтауы тиіс. Аймақ басшысының сөзіне сенсек, қазіргі таңда 10 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мен жоқ жітігін түгендеу үшін тапсырма жүктеген-ді. Медициналық ұйымдарды қажетті материалмен жабдықтаумен бірге білікті кадрлармен қамту өте маңызды. Облыста дәрігер тапшы. Осы мақсатта әкімдік бюджет есебінен грант бөліп, талапты жастарды оқытуда. Биыл 60 түлек оқуын аяқтап келді. 2021 жылы медицина саласына күндізгі оқуға 50 резидентураға 19 грант тағайындалған.
Спортпен шұғылданған кезде ғана бұқараның саулығы мықты болары бесенеден белгілі. Президент те жаппай спортпен айналысуды ұйымдастыруды тапсырды.
Коронавирус пандемиясы елдің экономикасына ауыр соққы болып, табыс өсімін тежеп отыр. Осы орайда орта және шағын бизнесті қолдаудың маңызы орасан. Бұл орайда өңірде "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы 25 млн. теңгеге 248 жоба қаржыландырылды.
сурет https://www.primeminister.kz/ сайтынан жүктелді