0:00 / 0:00
Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді өтеу үшін тағы да Ұлттық қордан қаржы тартпақ. Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ұлттық қордан 2022 жылы 500 миллиард теңге, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тартуды ұсынды. Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге көлемінде болмақ. Министрлер кабинеті 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жобасын талқылаған еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің жоспарлаған және қабылдаған міндеттерін жүзеге асыру үшін алдағы 25 жылда шығыс көлемі 6 есеге артады деп мәлімдегенді. Мемлекет басшысы 2025 жылы сыртқы қарыздың көлемі артуы мүмкін деп болжады. Сыртқы қарыздың басым бөлігі шетелдік валютамен есептеледі. Тоқаевтың айтуынша, болашақтың ақшасы деп жинап жатқан Ұлттық қордағы қаражатты жұмсау деңгейі артып кетті. Ал Үкімет тағы да сол ұлттық қорға қол салмақшы. Еліміздің бас экономисі әлеуметтік төлемдерді өтеу үшін үш жыл қатарынан қомақты қаржы тартуды ұсынды. Бұл зейнетақы мен жәрдемақыларға қажетті қаржы.
Осылайша Ұлттық Қорға ақша жинаудың орнына,оны жұмсау тыйылар емес. Үкімет өнідірісті арттырып, жұмыс орнын құруды бір жолға қоя алмай отыр. Мұнай шикізатына тәуелділіктен арыла алмай отырған министрлер кабинеті болса, мұнай бағасы артқан жағдайда қорға құйылатын қаражат көлемі артады деп жұбатып қояды.
Сарапшылардың пікірінше, бюджетте тепе-теңдік жоқ. Дағдарыс барысында жағдай мүлдем қиындады. Бюджет шығыны 14 трлн құраса, қазынаға салықтан түсіп жатқан түсім 7 трлнды құрайды. Яғни бюджеттің 50 пайызы ағымдағы ақшамен қамтылып, қалғаны бөлігі Ұлттық қордан және сырттан алған қарыз есебінен жамалып отыр. Ал экономика министрінің мәліметінше, республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге көлемінде болмақ.