Зашаған кенті Сарытау шағынауданындағы 7 көшенің құрылыс жұмыстары аяқтала келді. Сонымен қатар автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Сарытау шағынауданында жол құрылысы 2019 жылы басталған үш жылдық жоба болатын. 7 көшенің жолы биыл аяқталып, жоспар бойынша желтоқсанға дейін тапсырылуы тиіс.Мердігер «Түркістан жол сервис» мекемесі қазіргі уақытта жол құрылысын толықтай дерлік аяқтаған. Нысан қыркүйек айының соңына дейін тапсырылмақ. Ұзындығы 6,5 шақырым болатын 7 көшенің жолы асфальтталды. Қазіргі уақытта жұмыс 90 пайызға орындалыпты.
Сонымен қатар осы мердігер мекеме кенттегі тоғыз үйдің ауласын абаттандыру жұмысымен де айналысуда. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның жоспарлы-техникалық бөлімінің басшысы Сергей Мартынов екі жылға, яғни 2020-2021 жылдарға жоспарланған бұл жобаға 1,2 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Жоба аясында кварталішілік алаң мен суды бұруға арналған арық, өтпе жол салу, балалар ойын алаңын, сауықтыру алаңын жасақтау қарастырылған. Тұрғын үйлер аумағына асфальт-бетон төселген. Енді көлік тұрағын жасау жұмыстары іске асырылуда. Биыл Орал қаласында жол жұмыстары бойынша жалпы 22 жоба дайындалу үстінде. Соның 10-ының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Өткен жылғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде басталған сегіз көшедегі жол жұмыстары да биыл тапсырылатын болады.Шаһардағы жолдң жалпы ұзындығы 615 шақырымды құрайды. Оның 443,7 шақырымы, яғни 72,15 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.