0:00 / 0:00
8-шілдеде Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылы мен іргесінде орналасқан 4 ауылдық округті жалғайтын көпірдің жаяу жүргіншілер жолағы опырылып түсті. Аталмыш көпір өткен ғасырдың 69-70 жылдары салынған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Енді тұрғындар Деркөл өзенін кесіп өту үшін бірнеше ауылды аралап, уақыт пен жанар-жағармайын шығындап, ұзақ жол жүруге мәжбүр.
Осы көпір өткен ғасырдың 69-жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Деркөл өзенінің қос жағасын жалғайтын көпірдің жаяу жүргіншілер жолағы құлап, оның жабылуы ауыл тұрғындарын біраз әуре-сарсаңға салып отыр. Теміртұлпарды тізгіндеген жүргізушілер діттеген жеріне жету үшін бірнеше ауылды айналып баруға мәжбүр.
Қазіргі таңда көпірді жеңіл көлік жүру үшін ашқан. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Переметный ауылындағы бұл көпірді жөндеу үшін алдымен жобалық-сметалық құжатты жасақтау керектігін айтады.
Жалпы БҚО-да 37 көпір бар. Олар өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. 2014 жылы 22 көпірге арнайы мамандандырылған мекеме зерттеу жүргізген. Нәтижесінде 14 көпірді қайта жаңарту, 8 көпірге күрделі жөндеу жасау керек деген қорытындыға келеді. Биыл осы Бәйтерек ауданындағы тозығы жеткен 3 көпір жөнделіп жатыр. Мамандар тағы Тасқала ауданында орналасқан екі көпірге жобалық-сметалық құжатама жасақтапты. Құжат сараптамадан өтуде.