0:00 / 0:00
Адам саудасы – бүгінде үлкен қауіп төндіріп отырған қылмыс. Адам саудасы заң үстемдігіне нұқсан келтіреді, қақтығыстар мен тұрақсыздықты күшейтеді. Әлем бойынша шамамен 25 миллион адам трансұлттық қылмыстық ұйымдардың құрбаны болды. Қазақстанда адам саудасы бойынша қылмыс екі есеге өскен. Ranking.kz мәліметтері бойынша 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында адам саудасына қатысты 63 құқық бұзушылық тіркелді. Әлем болып Адам саудасымен күрес жүргізуде. Дегенмен, бұл қылмыс жылдан-жылға өршіп барады. Қазақстан үшін бұл өзекті мәселе болып табылады. Өкінішке орай Қазақстан адам саудасының құрбандары үшін баратын елге айналды. Адам саудасына қатысты АҚШ елшілігінің онлайн брифингі өткен еді.
Елорданың ескі вокзалын торуылдаған әйелдер үшін бұл үйреншікті жағдай. Олар көп жылдар бойы жезөкшелікті кәсіп етіп, напақа табуды жұмысына айналдырған. Арасында қырғыз,өзбек өкілдері де бар. Әрине біз оларды біреу қыстап ұстап, пайдаланып отыр деп те айта алмаймыз. Алайда, сарапшылардың айтуынша, қазір адамдарды құлдыққа сатқанда көп жағдайда жезөкшелікке пайдаланады. Көбінесе қыз-келіншектер адам саудасының құрбаны болып жатады. Ағымдағы жылдың бес айында елде 25 тұлға адам саудасы қылмысы үшін сотталды. Соның ішінде 6 адам жезөкшелерді ұстап, жеңгетайлықпен айналысқан. Төртеуі адам саудалаған. Құлдықта ұсталғандардың басым бөлігі қазақстандықтар, екі жағдай ТМД елдерінің азаматтарына қатысты болды.
ШАХНОЗА ХАСАНОВА "САНА СЕЗІМ" ҮЕҰ ЖЕТЕКШІСІ «Өзбекстан, Тәжікстаннан келіп жатқан шетелдік азаматтар көп. Олар транзитпен келді. Көбісі Түркістан облысына шоғырланған. Бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында осындай көрініс орын алып отыр».
Құқық қорғаушылардың айтуынша, өзге елде жүрген мигрант тіл білмейді, заңдарынан бейхабар. Сондықтан олар өз құқығын қорғай алмайды. Адам саудасымен айналысатындар мигранттарды аңдиды. Ақшадан қысылғандар, жағдайы жоқтар осы қылмыстың құрбаны болып жатады. Осылайша құқығынан, бостандығынан айырылады. Оларды ұрып-соғып, психологиялық тұрғыдан қысым жасап ұстайды. Өз кезегінде АҚШ Қазақстанға адам саудасымен күрес жолдары бойынша 10 ұсыным берді. АҚШ елшілігінде өткен онлайн брифинг барысында айтылғандай, Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес шаралары дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Адам саудасымен қатысты құқық бұзушылықтарды анықтап, осы қылмыстың құрбаны болғандарға арнайы әлеуметтік көмек көрсету қажет дейді. Айта кетейік, АҚШ адам саудасына қарсы күрес жүргізбейтін елдерге санкция салады. Адам саудасы адам құқығын бұзудың ең қауіпті түрі болып отыр. Табыс табу жағынан заңсыз бизнестің ішінде үшінші орынға ие. Заңсыз бизнес арқылы табыс табуды бірінші орында қару-жарақ сату, екінші орында заңсыз есірткі сату болса, үшінші орынға адам саудасы шыққан. БҰҰ көші-қон комитетінің есебі бойынша адам саудасымен айналысатындар жылына 150 млрд доллар табыс табады. Қазақстанда соңғы үш жылда адам саудасына қатысты 1 100-ге жуық қылмыс тіркелді. 242 тұлға адам саудасымен айналысқаны үшін сотталды.