0:00 / 0:00
БҚО-да егін ору науқаны басталды. Қазіргі таңда диқандар қыстық бидайды орып жатыр. Далалық жұмыстар осы айдың соңына дейін жалғаспақ. Шаруалар биыл қуаңшылықтың кесірі алатын өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсерін тигізгенін айтады.
Бәйтеректің шаруалары күздік бидайды жинауды бір апта бұрын қолға алған. Диқандар бір гектар жерден орта есеппен 11 центрге жуық өнім алып отыр. Биылғы аптап ыстық бидайдың сапасы мен көлеміне зиян тигізіпті.
Биыл елімізде көктемгі егіс жұмыстарына 128 млрд. қаражат жұмсалды. Күзгі жиын-терінді жинауға кіріскен диқандар аптап ыстық өнім және оның сапасына зиян тигізгенін айтып отыр. Былтыр еліміздің қамбасын толтыратын Қостанай өңірінде астық қабылдау мекемелеріне 871 мың тонна бидай келіп түсіпті. Оның 82%-ы 3-сұрыпты бидай. Мамандар биылғы көрсеткіштерді енді есептейді.
Көктемде елде қуаңшылық болуы мүмкін деп болжанған еді. Алайда осы жұттың кесірінен тек егіншілер зардап шегіп отырған жоқ. Төрт түлікпен күнелтіп отырған шаруалардың малы қырылуда. Тіпті Аралда қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Аталмыш өңірде 500 бас мал аштан қатқан. Маңғыстаулық шаруалар да төрт түлігіне мал азығын таба алмай дал. Министрлік жұт болып жатқан кезде жұмған ауызын ашпаған шақта елдің жомарт жандары жылу жинап, шөп шауып, алыстағы ағайынға вагон-вагон шөп жөнелтуді қолға алды. Президент Тоқаев қуаңшылық кезінде батыл шешім қабылдамай алмаған ауыл шаруашылық министрін оставкаға жіберіп, атқамінерлерге жұттан зардап шеккен шаруаларға төтенше жағдай резервінен шығынның ақшасын төлеп беруді тапсырды.