Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Шалқар көлін қалай сақтап қаламыз?

c 17:54, 07/07/2021 c 1009

0:00 / 0:00

"Қолда барда алтынның қадірі жоқ". Дәл осы сөз Шалқар көлінің қазіргі жағдайын тура суреттейтіндей. Жыл сайын Шалқардың суы жағадан алыстап, тартылып барады. Осыдан екі жыл бұрын ғалымдар көлді зерттеді. Сол кезде су жағадан 800 метрге тартылғаны анықталған еді. Бұл көрсеткіш жыл санап тек артып келеді. Жергілікті атқамінерлер "Шалқарды құтқарамыз!"- деп, "Жайықтың суын Шалқарға тартамыз!"- деп үш каналдың құрылысын бастапты. Алайда ғалымдар табиғи жағдайда суы азайған көлдің тағдырына адам баласының араша түсуі қисынсыз екенін айтады.

Ғалымдар Шалқар суының тартылуына бірнеше себеп бар,- дейді.

Соңғы отыз жылда Шалқардың жағдайы мүлдем нашарлады. Бұрындары көлде 2 млрд текше су болса, қазір 25 пайызға кеміп, 1 млрд 500 млн куб су қалған. Ертеректе су айдынында балықтың 17 түрі кездессе, бүгінде жетеуден аспайды.

Зерттеу нәтижесінде ғалымдар Шалқарға Жайықтан су тартып құтқару мен шабақ жіберу- экономикалық, әрі экологиялық тұрғыда тиімсіз деген тұжырымға келді. Яғни, адам баласының табиғи жағдайда тартылған көлдің тағдырына араша түсіп, араласамыз деуі қате,- дейді ғалымдар. Олар 2040-2050 жылдарға қарай Шалқардың суы өзі қалпына келеді немесе сорға айналады деген болжамын айтады.

Бұл пікірге зерттеуге тапсырыс берген табиғатты қорғау басқармасының мамандары қарсы. Олар Кеңес үкіметі кезіндегідей Жайықтан Шалқарға 20 млн. куб су жіберуді қолға алмақ. Бұл мақсатта бюджеттен 4 млрд. теңге қаражат бөлінген. Тендерді ұтқан компания Жайық-Шалқар, Соленка-Азынабай, Азынабай-Тайпақ каналдарын қоқыстан тазартып, су жіберетін насос қоймақ.

Шалқарға демалуға келген тұрғындар да көлдің экологиялық мәселесіне алаңдап отыр.

Қазіргі таңда Шалқардың жағалауында 101 киіз үй орналасқан. Ауыл әкімі тазалық жұмыстарын кәсіпкерлермен бірлесіп ұйымдастыратынын айтады. Жол бойында қоқыс тастауға арналған бірнеше контейнер бар. Десек те, билік қоқыс жинайтын жәшіктерді орналастырғанымен жағалау бойы босаған пластик бөтелкеден, қағаздан көз ашпайды. Биыл Шалқарға инвестиция құямын деген кәсіпкер табылыпты. Ол 3 млрд. теңгедей қаражатын көлдің жағасын ретке келтіріп, бизнес нысандарын ашуға жұмсамақшы. Қазіргі таңда жер телімдерін рәсімдеу үстінде.

"Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың оны айтарға тілі жоқ",- демекші, кезінде балығы тулап, 4 ауылды асырап, суы түрлі дертке шипа болып, көп жанның бақытты балалық шағы өткен Шалқар көлінің жағдайына жаны ашитын адам керек! Ақ жайықтың "інжу-маржанына" дер кезінде қамқорлық танытпасақ, қаржы мен күшті дер кезінде жұмсамақ, көлдің суына емес, сорға шомылуға баруымыз ғажап емес!

Оператор: Нурлан Кунашев
Монтаж:

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.