0:00 / 0:00
Билік Қазақстанды алға дамытатын жаңа реформа енгізбекші. Енді ауқымды мемлекеттік бағдарламалар емес, бастаған істі аяғына дейін жеткізетін ұлттық жобалар қабылданады. Алдағы күзде 10 ұлттық жоба басталуы мүмкін. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов 2025 жылға дейін «Дені сау ұлт», «Bilimdi Ult», «Қауіпсіз ел», «Су ресурстарын басқару», кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді ірі жобаларды ұсынды. Ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін 62 трлн теңге қажет. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында айтылды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет жанынан арнайы жобалық кеңес де ашылыпты. Алайда, Президент бұл кеңес «қиялилар клубына» айналмасын деп ескертті.
Экономикалық дағдарыс пен пандемия салдарынан қазына шығыны артты. Биліктің әлеуметтік топ алдындағы міндеттері де өсті. Пандемиядан сүрінген кәсіпкерлікті де қолдау қажет. Қымбатшылық күйдіріп барады. Бір сөзбен айтқанда халықтың әл-ауқатын арттырудың басқа жолын іздеу керек. Билік енді ауқымды, аяқсыз қалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан бас тартып, нақты ұлттық жобалар қабылдаймыз деп отыр. Реформалар агенттігі ұсынған ұлттық жобалар дені сау ұлт, білімді ұрпақ, қауіпсіз ел, су тапшылығын жою, бизнес пен ауыл шаруашылығын көтеруді қамтып отыр. Бас-аяғы 10 жоба ұсынылды. Айта кету керек, аталған ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 62 трлн теңге қажет. Оның 20 трлн теңгесі қазынадан бөлінсе, қалған 42 трлн теңгесі жеке инвестиция арқылы тартылмақ.
Қайрат Келімбетов – ҚР стратегияларды жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы - «Мемлекеттік органдар ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен 36,8 трлн теңге бөлуді ұсынды. Бірақ біздің бюджеттің мүмкіндігі – 20 трлн теңге. Сондықтан ұлттық жобаларды қаржыландыру қайта қаралуы мүмкін. Жалпы бүгін бұл жобалар алдын ала мақұлданса, қыркүйек айынан бастап жүзеге асырыла бастауы әбден мүмкін».
Алайда, Президент аталған жобалардың жүзеге асатынына күмәнданды. Тоқаев триллиондарды аңдып отырған аңшылардан қорғану керектігін еске салды.
Сөзбен айтқанда ұсынылып отырған ұлттық жобалар тап-тамаша. 1 млн астам жаңа әрі тұрақты жұмыс орны ашылады. Қалалар мен өңірлер халқы арасындағы өмір сүру айырмашылығы үш есеге қысқарады. Сондай-ақ білім алудағы теңсіздіктер де жойылады. Баспана мәселесі де шешіледі. Осы ұсынылып отырған ұлттық жобалардың жүзеге асуын қадағалайтын кеңес құрылды. Мемлекет басшысы бұл кеңес «қиялилар клубы» болмасын деп тағы да ескерту жасады.
Президент Үкімет пен реформалар жөніндегі агенттік ұсынған ұлттық жобалардың тізімін қолдап, 15 тамызға дейін нақты, келісілген әрі қаржылай қамтамасыз етілген мәтінін енгізуді тапсырды.