Қостанай тұрғындары қолқаны қабатын жағымсыз иістен зардап шегуде. Көпқабатты үйдің тұрғыны баспанасын жөнді қарамай, антисанитарлық жағдайда өмір сүріп отыр. Тазалықты естен шығарған пәтер иесінің кесірінен көршілері алаңсыз өмір сүруді ұмытқан. Аталмыш пәтерде жарық пен су жоқ. Тұрғындар баспана иесіне қалай көмектесерін білмей дал.
Мырзагүл Нұриеваның әрбір таңы жуынатын бөлмесінің ауасын тазалаумен басталады. Жоғарғы қабаттан келетін жағымсыз иіс тұрғындардың мазасын қашырған. Бірнеше жылдан бері кейіпкеріміздің пәтерінің үстіңгі қабатында тұратын көршілері ащы суға әуес болып, баласы мен анасы өркениеттен ада күйде өмір сүруде.
Пәтерде тазалық мүлдем ұмыт қалып, антисанитарлық жағдай қалыптасқан. Тіпті жуынатын бөлмені ашуға мүмкіндік жоқ.
Жоғарғы қабаттан келетін қоқыс төменде орналасқан баспананың төбесін бүлдіреді. Араққа әуес болған баласы мен анасына ащы суды бірге ішетін қонақтар жиі келеді екен. Сол себепті кішкентай балалар үйлеріне кіруге қорқады. Көршілер полиция қызметкерлерін үнемі шақыратын болған. Бірақ тәртіп сақшылары тұрғындардың мазасын қашырған меймандарды қуып шығумен ғана шектелетін көрінеді. Ал ішімдікке салынған көршілерге қандай жаза қолданарын білмей дал. Осы үйдегі әйел адам аяғын сындырып алып, содан бері жөнді жүре алмайды екен. Полиция қызметкерлері Владиславты денсаулығына байланысты емдемейтінін айтады. Ал анасының жағдайы бойынша сауал әлі шешілмеген.
Әлі күнге дейін атқарушы биліктен қандай да бір ақпарат жоқ. Полиция қызметкерлері ішімдікке әуес анасы мен баласының туыстарын іздейтіндіктерін хабарлады. Олар туғандарына көмектесер деген үміт бар. Ал 40 градус ыстықта пәтерлеріне сыймай, әрең тыныстап отырған тұрғындар жағымсыз иістің машақатынан қашан құтылары әзір беймәлім.