0:00 / 0:00
Парламент депутаттары жайдары жаздың екі айлық демалысына кетті. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, VII шақырылымның сессиясы аяқталды. Парламенттің жұмысын қортындылаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар пандемияға қарамастан белсенді жұмыс істегенін және тек заң шығару жұмыстарымен айналысып қана қоймай, сонымен бірге тұрғындармен кері байланыс орнатқанын айтты.
Сайлаудан соң Парламент креслосына жайғасқан жетінші шақырылымның депутаттары қашықта жұмыс істеді. Сайлаудан кейін төменгі палатаның құрамы 70 пайызға жаңарды. Алайда, жаңа депутаттар онлайн жұмыстың ғана дәмін татты. Яғни карантин талаптары бойынша БАҚ өкілдері жоғарғы заң шығарушы органның табалдырығын тоздырып, халыққалаулыларын сұрақтың астына алып, мазалаған жоқ. Дегенмен пандемия барысында тер төгіп жұмыс істедік деп отыр депутаттар. Осы сессияда экономикалық, әлеуметтік мәселелерді қамтыған 25 заң жобасын май шаммен қарап, жүздеген депутаттық сауалдар жолданыпты. Қазір Парламент қабырғасында 35 заң жобасы жатыр. Депутаттар бұл шаруаны жазғы демалыстан оралған соң атқаратын болады.
Осылайша, келесі сессияда үкіметпен бітпеген шаруа шаш етектен.
Не керек, бір жарым жыл бойы жалпы отырыстары, жұмыс топтары, комитеттердің кеңейтілген отырыстары, жергілікті әрі халықаралық кездесулері көп жағдай онлайн форматта өткен депутаттар екі айға каникулға кетті. Жайдары жаздың рахатын көріп, қыркүйекке дейін демалып келмек.