0:00 / 0:00
Орал қаласында байдарка мен каноэ есу бойынша "Қайық" ашық федерация кубогі басталды. Биыл жарыс өңірде екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Федерация кубогінің ашылу салтанатына облыстың спорт басшылығы, федерация өкілдері, осы спорт түріне қолдау білдіріп жүрген жандар және жас спортшылар қатысты. 27-ші маусымға дейін жалғасатын жарыстың биылғы ерекшелігі көп. Бастысы-дәстүрлі шақырымдардан бөлек додаға жаңа сайыс түрлері енгізілген.
Жарыс 1998-2003 және 2004-2008 жылғы жас спортшылар арасында өтуде. Биылғы додаға еліміздің 6 облысынан 80 -ге жуық жас ескекші қатысуға мүмкіндік алған. Жарыстың біздің өңірде болуы кездейсоқтық емес. Өйткені байдарка мен каноэ есуден ел құрамасының сапында оралдық спортшылар басым.
Федерация тарапынан жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барлық жағдай жасалған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 27-ші маусым күні салтанатты шарада марапатталатын болады. Федерация басшысының айтуынша, жеңімпаздарға спорт шеберлігіне үміткер атағын беру мәселесі қаралуда.