0:00 / 0:00
Қазақстанда газды тұтыну көлемі артуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде, Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс деді. Газ сұранысын арттыру мәселесі Ақордада өткен жиында талқыланды. Мемлекет басшысы әкімдер мен үкіметке және жауапты Самұрық-Қазына қорына бірқатар міндеттерді жүктеді. Газ өнімінің көлемін арттыру, солтүстік өңірлерге газ құбырын тарту тапсырылды.
Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға өсті. Елде газға сұраныс артып отыр. Алайда, оған барлық өңір қол жеткізе алмауда. Президент Тоқаевтың айтуныша, Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде. Газ өндіруді дамыту үшін инвестиция тарту қажет. Себебі бүгінгі жағдайда пайдалы қазбаларды игерушілер газ өндірісі мен газ өңдеу қуатын арттыруға мүдделі болмай отыр дейді мемлекет басшысы. Бұл орайда Үкіметке газ өндіру саласына инвестиция тарту жолдарын іздестіру жүктелді. Ал «ҚазТрансГаз» компаниясы газ саласында ұлттық оператор болмақ. Компания геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды атқаратын болады. Осылайша Президент жаңа кен орындарында пайдалы қазбаларды игеруде басымдық құқығын «ҚазТрансГаз» компаниясына беру туралы Самқрық-Қазына қорының ұсынысын қолдады. Халыққа газ жеткізіп беру мәселесі ақсап тұрғанын айтты. Сарыарқа газ құбырын асыға күткен халыққа газды жеткізіп беру мәселесі кешеуілдеп жатыр. Осыған қатысты әкімдердің жұмысын сынға алды.
Бұл орайда еліміздің солтүстік өңірлерін яғни Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету қажетітігі айтылды. Президент «Сарыарқа» магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылуды ұсынды. Үкімет пен аталған облыстардың басшыларына бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауды тапсырды.
Жиын барысында құрал-жабдықтарының 90 пайызының тозығы жеткен Қазақ газ өңдеу зауыты тоқтап қалса, халық газсыз қалатынын айтты. Құрылысы кешігіп жатқан жаңа газ өңдеу зауытын 2023 жылдан кешіктірмей пайдалануға беруді талап етті. Енді үкіметтің алдында ауаның ластануына себеп болып отырған көмір отынына тәуелділікті азайту үшін газдандыруды дамыту, баламалы энергия көзін қолдану аясын кеңейту тапсырмасы тұр.
Әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада етудің тұрақты үрдісі байқалып отыр. Қазақстанда 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға қол жеткізетінін мәлімдеді мемлекет басшысы.