0:00 / 0:00
«Министр мырза, халықтың арасына шығыңыз. Окоптан шығатын кездеріңіз баяғыда келген». Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды осылайша сынға алды. Депутаттар халықтың медициналық қызмет көрсету сапасы және қолжетімділігіне көңілі толмайтынын айтты. Бүгінде медициналық көмек көрсету деңгейі 53,3%-ды құрап отыр.
Пандемия кезінде қазынадан денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлінді. Қауіпті індетпен күрес шаралары шығынды көбейтті. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын және қолжетімділігін арттыруға 1,6 трлн жұмсалды. Алайда, осынша қаржы бөлініп отырса да елдегі медиицналық қызметке халықтың көңілі толмайды. Депутаттардың айтуынша, міндетті мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында амбулаториялық жағдайда емдейтін арнайы медициналық мекемелерге бөлінген қаржы бес есе, дәрі-дәрмекпен қамту 65 пайызға өскен. Ал медициналық реабилитацияға жұмсалатын қаржы екі есеге ұлғайды.
Қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі көңіл қоншытпайды. Әлі күнге дейін емханаларда ұзын-сонар кезек. Науқастарды ауруханаға жатқызу уақытының ұзақтығы халықты қажытты. Бүгінде медициналық көмек көкрсету деңгейі 53,3%-ды құрап отыр.
Алексей Цой –ҚР денсаулық сақтау министрі -«Шыныменде медицинаға бөлінген қомақты қаржының басым бөлігі пандемиямен күреске бағытталды. Және жоспар бойынша ауылдық жерде медициналық қызмет көрсету мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.Ал халықтың қызмет көрсету сапасына көңілдері толмай отырғаны объективті баға. Дегенмен әлемдік тәжірибеде қызмет көрсету сапасына пациенттерден берілген оң баға 65 пайыздан сәл асады. Тіпті, Еуропада да солай»
Цойдың елдегі жағдайды Еуропамен салыстырамын деп басы бәлеге қалды. Оның жауабы палата спикерінің ашуын келтірді. Нығматулин министрге халықтың арасына баруға кеңес берді.
Нұрлан Нығматулин – ҚР парламент мәжілісінің төрағасы -«Еуропаны не қыласыз, Еуропаны еуропалықтарға қалдырыңыз да, өз ісіңізбен айналысыңыз. Окоптан шығатын кездеріңіз баяғыда келген. Министр мырза, халықтың арасына шығыңыз. Адамдармен санитарлық дәрігердің қаулысы арқылы байланыс ортануды қойыңыз. Ауруханаға барыңыз, әсіресе аудандық ауруханаға. Барыңыз да, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділіктің шын мәнінде қандай екенін көзбен көріңіз».
Сондай-ақ, спикер Алексей Цойға тек Коммуникация орталығында баяндама жасап байланыс орнатқан дұрыс емес екенін. Дайын баяндаманы оқып, журналистердің сұрақтарына жауап бермей жатасыз. Кім үшін жұмыс істеп жатқандарыңызды ұмытпаңыз деп дүрсе қойды. Денсаулық сақтау министрі Цой мырзаның БАҚ үшін жабық адам екені журналистер арасында жиі айтылады. Тіпті министр әр сәрсенбі сайын тұрақты түрде брифифнге шығып, көкейдегі сұрақтарыңызға жауап беремін деген уәдесін де ұмытқан.