0:00 / 0:00
Жазғы мезгілдегі өрт қауіпсіздігін сақтау БҚО ТЖД қызметкерлерінің басты назарында. Тілсіз жау тұтана қалса, жалын ен дала мен орман алқабына таралып, бой бермей кетпей тұрғанда ауыздықтау мүмкіндігі зор болуы тиіс. Өткен жылғы Ақжайық ауданы аумағында пайда болған табиғи өрт зардабының биыл қайталануына жол берілмеуі керек. Төтеншеліктердің алдына қойылған тапсырмалар осындай. Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 13 шілдеде Бударин ауылы аумағында орман алқабы мен құрғақ шөп өртеніп, қызыл жалын 435 гектар жерді шарпыған болатын. Тілсіз жаудың салдарынан Коловертное ауылында 2 үй, 4 шаруашылық құрылысы өртеніп кетті. Өртті сөндіру барысында 42 адам, 15 бас ірі қара, 25 бас ұсақ мал және 30 үй құсы эвакуацияланған. Енді осындай ірі шығынға жол бермес үшін орман және дала өрттерінің алдын алу және жою мақсатында бірнеше іс-шара қабылданыпты. Орман және дала өрттерінің басты себептері халықтың отты абайсыз қолдануы және құрғақ шөпті өртеу барысында қарапайым сақтық ережелерін сақтамау. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу аясында облыс бойынша 65 адамнан тұратын 13 мобильді топ құрылған. Оған қоса жергілікті атқарушы органдармен 25 шақырым радиуста орналасқан 62 елдімекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 18 өрт сөндіру бекеті жасақталыпты. Департаменттің жауынгерлік есебі мен резервінде 83 бірлік негізгі техника бар.
Алдағы уақытта Ақжайық, Жаңақала, Қаратөбе аудандарында қосымша 4 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. Батыс Қазақстан облысының аумағында дала және орман аймақтарында жану нүктесін дереу әуеден анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясысымен 4 млн. теңгеге шарт жасалыпты. Айта кету керек, жыл басынан бері облыс аумағында 139 өрт оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тауып, 3 адам өрт кезінде түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қызыл жалын саны 16 пайызға азайған.