0:00 / 0:00
Орал қаласында ескерусіз қалған ескерткіштер жетерлік. Бірін шаң басып жатса, енді бірі қанаттылардың сүйікті орнына айналған. Бірқатар мәдени ескерткіштерге күтім жетіспей тұр. Бүгінде тарихи тұлғалар мүсіндерінің көгершін мен басқа да құстардың нәжісінен ластанып тұруы қаланың келбетіне сын. Оның ішінде Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырлар ескерткіштері мен мүсіндердің жағдайы мүлде бөлек. Соның бірі үш батыр қызға арналған композиция. Гүл шоғын қоюға келген тұрғындар шаң басқан, құстар қаулаған мүсінді көргенде шарасыз күй кешті.
Мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштердің осыншама шаң басып тұрғандығына оралдықтар наразы. "Ешқандай мүмкіндігі жоқ айдалада орналасқан болса бір сәрі",-дейді олар.
Орталық көшеде орналасқан Абай ескерткіші басынан да дәл осындай көріністі байқауға болады. Шаң-тозаң басқан Ұлы ақын мүсінінің сырты әбден кірлеген, қанаттылардың нәжісімен ластанған. Ал оның тазалығын жауапты мамандар естен шығарған сыңайлы. Алайда мереке қарсаңында ескерткіштер жөндеуден өтіп, тазалық жұмыстары жасалғанын айтады. Десе де нәтиже болмай тұр. Ескерткіштердің жағдайы ескерусіз сол қалыпта.
Жалпы Орал қаласында 150-ден аса тарихи ескерткіш бар. Оның 9-ы республикалық маңызы бар мұра саналады. Осы ескерткіштерді қалпына келтіру, тазалығын сақтау үшін арнайы мамандар жұмыс жасайды. Дегенмен ел ертеңі үшін аянбай қан мен терін төккен тарихи тұлғалардың ерен еңбектерін бағалап, өткенімізге құрмет көрсетуден сіз бен біз де шетте қалмағанымыз жөн.