0:00 / 0:00
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Батыс Қазақстан облысында «Жігіт сұлтаны - 2021» байқауы өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер екі күн бойы сынға түсті. Карантин талаптарына сәйкес көрерменсіз, онлайн өткен байқауға өңірдің Ақжайық, Бәйтерек, Жанақала, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан және Орал қаласынан 10 үміткер қатысты. Cайыстың бас жүлдесін жаңақалалық Қолғанат Тұрарбекұлы жеңіп алды. Оған 300 мың теңгелік сертификатпен бірге арнайы дайындалған «Жігіт сұлтаны - 2021» алтын белдігі табыс етілді.Байқауға қатысушылар сайыстың «Қазақтың баласымын тегі бүтін» деп аталған алғашқы кезеңінде өзін, ата-тегін, өскен жерін таныстырса, «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында» сынағында аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға қатысты. Үміткерлердің шеберлік, қолөнерлік қасиеттерін көрсеткен «Жігіттер бар нарқасқа...» сынағы да тартысты болды. Сайыс Орал қаласының іргесіндегі «SABA»этнокешенінде, «Орал» спорт клубының ат спорты бөлімінде өтті. Сонымен, екі күнге созылған сайыстың бас жүлдесін жаңақалалық Қолғанат Тұрарбекұлы жеңіп алды. Оған 300 мың теңгелік сертификатпен бірге арнайы дайындалған «Жігіт сұлтаны - 2021» алтын белдігі табыс етілді. Бірінші орын - шыңғырлаулық Мағжан Файзоллаұлына, екінші жүлде - бәйтеректік Райымбек Есенкелдіұлына, үшінші сыйлық - Ақжайық ауданының өкілі Шапағат Бекболатұлына бұйырды. Бір ерекшелігі- жүлдегерлерге берілген сыйлық та сайыстың атауына сай - түлкі тымақ, ер-тұрман, қамшы, домбыра сынды ұлттық бұйымдар.Бөрлі ауданынан келген Ерасыл Ерланұлы, жәнібектік Ернар Бауыржанұлы, қаратөбелік Сақтаған Берікұлы, теректілік Алпамыс Ермекұлы, Сырым ауданының өкілі Нұрлыбек Бекболатұлы, Орал қаласынан Ерген Нұрланұлы - сайыстың дипломанттары атанды.