"Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды" демекші, Ет комбинаты ауданында орналасқан Видяшев көшесінің тұрғындары қаншама жыл жол мен көшелеріне жарық шамдарының орнатылуын күтіп өмір сүріп келеді. Тіпті, инфраструктураны сарыла күткен қариялардың көбі сол күйі жаңашылдықтың шарапатын көрмей, дүние салған. Ал кезінде толарсақтан су кешіп, мектепке барған оқушылардың балалары да бүгінде сол күйді бастан өткеруде. Ешнәрсе өзгермеген.
Қараңғы көшеде айдың жарығымен үй-үйді әрең табасың. Ұялы телефонның жарығымен жүрмесең, балшыққа құлап қалуың бек мүмкін. Тұрғындар көктем мен күзде, жаңбыр жауса болды, резеңкі етіктерін киіп, жұмыс пен оқуына барады. Басқа аяқ киім мына ми батпаққа шыдас бермейді. Тұрғындар балшықтан мектеп жасындағы оқушылардың зардап шегіп отырғанын айтады.
Тұрғындардың базынасын біздің түсірілім тобымыз 2020 жылдың қыркүйегінде түсірген еді. Сол кезде жауаптылар биылдан қалмай, жарық бағаналарын бір емес, екі көшеге орнатып береміз деп айтқан-тұғын.
Биыл да атқарушы билікке тұрғындардың толғандырған сұрақтарын жолдадық. Олардың жауаптары мынандай.
Видяшевтің тұрғындарына арман болған жолдың жобалық-сметалық құжаттары биыл тек дайындалмақ. Мамандар алдағы уақытта батырдың есімін еншілеген көшеге жол салып беруді жоспарлап отыр екен.