0:00 / 0:00
Ақжолдықтар техникалық персоналдың жалақысын көтермесек, әлеуметтік «жарылысқа» ұласып кетеді дейді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов бастаған топ, үкіметке санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлердің еңбекақысын көтеруді ұсынды. Бүгінде техникалық персоналдың алатын жалақысы 70 мың теңгеден аспай тұр.
Ақжолдықтар елдегі техникалық персоналдық еңбекақысы тым аз дейді. Мысалы, мұғалімдердің, дәрігерлер, мәдениет саласының, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіргенде, қатардағы санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлердің еңбекақысы ескерусіз қалуда дейді депутат Раманқұлов.
Төменгі жалақы алып жүрген қызметкерлер ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды. Ондаған жыл бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына жарытып киім де кимейді, балаларын сұрауына жетпей, күнделікті мәселелерді шеше алмайды. Азық-түлік бағасы болса күйіп тұр. Депутаттар,үкіметтен әлеуметтік саладағы жалақыны көтергенде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын да арттыруды талап етті.Әйттпесе, мұның аяғы әлеуметтік дау тудырады дейді олар.
Қазақстан ең төменгі жалақы алатын елдердің қатарында. Әлемнің 56 елі бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде, көрші Өзбекстан көш бастап тұр, бұл елде ең төменгі жалақы көлемі 57 долларды құрайды. Екінші орында тұрған Нигерияда 71 доллар, ал үшінші орын бұйырған Қазақстанда ең төменгі еңбекақы 88 доллар немесе 37 мың теңгеге жетер-жетпес. Шағын ғана Люксембурге ең аз жалақы көлемі 2 200 долларды құрайды. Теңгеге шаққанда 900 мыңнан асып жығылады.