0:00 / 0:00
Министрлер кабинеті ауылды дамытамыз, ауыл халқын жұмыспен қамтимыз, инфрақұрылымын жаңғыртамыз деген таудай уәдесін беріп отыр. Үкіметке сенсек, ауылда өмір сүру деңгейін арттыру үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырылады. Ағымдағы жылы осы жоба шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселерін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Бұл өз кезегінде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы бойынша аулыдықтарға 50 мың шағын несие беріледі. Бұл алдағы бес жылдықтың еншісіндегі шаруа.
Бүгінде еліміз бойынша халық санның санының 41% ауылда тұрады. Ауылдықтар мал бағып, егін салып жан бағуда. Экономика министрлігі 6 316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктеп алған. Онда ауыл тұрғындарының 88%-ы тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында осы ауылдардың инфрақұрылымын, экономикасын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту көзделген. Халықты жұмыспен қамту қарастырылған.
Бұл осы жылдағы жоспар. Жалпы ауылдарды дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға дейін жалғаспақ. Министрлер кабинетінің есебіне сенсек, ауыл халқын сумен қамтуды 100% жеткізу, жоғары жылдамдықтағы интернет орнату, жергілікті жолдарды жақсарту. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары тұр. Агроөнеркәсіп кешенінде 800 аса инвестициялық жобаны іске асыру арқылы, ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орны құрылады дейді бас экономист. Ал білім министрі Аймағамбетов болса, ауылдардағы мектептер жаңартылып, 300 аса жаңа мектеп салу жоспары бар дейді. Ауылдағы педагог тапшылығы да шешілмекші.
Сондай-ақ, ауылда медицина мамандары жетіспейтіні мәлім. Бұл орайда денсаулық сақтау министрлігі ауылға барып жұмыс істеген дәрігерлердің көтерме үстемеақыларын 10 есеге ұлғайтпақ. Ең бастысы үкіметтегілер ұсынған ауылды дамыту жоспары, бұған дейінгі жобалар сияқты аяқсыз қалмаса болғаны.