Елімізде алдағы 5 жылда 2 млрд. түп ағаш отырғызылады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеген еді. Осы орайда біздің аймақта алдағы бес жылда 57 млн. түп жасыл желек егілгелі отыр екен. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен лездемеде табиғат қорғаушылары мәлімдеді.2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өңір алқаптарында алдағы бес жылда межелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыстың 8 орман шаруашылығы бүгінгі таңда 1200 көшетті дайындап отыр. Күн райы жылынған сәтте осы тал-терек отырғызылмақ. Бұдан бөлек орман алқаптары 2 млн. 614 түп желекке көбейтілетін болады.Осы орайда аймақ басшысы Ғали Есқалиев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жыл сайын көктемде бұл бағыттағы жұмыстардың қолға алынатынын, алайда қажетті күтімнің уақытылы, әрі дұрыс жасалмауынан жасыл желектің жайқалмай солып қалатынын ескертті. Яғни нысан аумағына отырғызылған ағаштарды қорғау, оның тамырын терең жаюына жағдай жасауға енді меншік иесі жауапты болуы тиіс.Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін ел көлемінде 2 млрд. түп ағаш отырғызу міндетін қойған болатын.