0:00 / 0:00
Орал қаласында санитарлық-экологиялық тазалық айлығы өтуде. Екі ай көлемінде қала аумағы қоқыстан тазартылып, абаттандырылады. Осынау ілкімді істерден Жәңгір хан университетінің ұжымы да қалыс қалмады. Айлық аясында іргелі оқу ордасының профессор-оқытушыларынан, білім алушылары мен қызметкерлерінен құралған 1000-нан астам адам сенбілікке шықты. Оқу орны ғимараттарының аумағы қоқыс-қалдықтарынан арылып, 550 түп тал-терек отырғызылды.
Тазалық іс-шарасы аясында университет ғимараттары аумағынан, сондай-ақ білім ордасына бекітілген Саратов трассасы бойындағы Айтқұлов және Жәңгір хан көшелерінен жиналған күл-қоқыс түгел дерлік шығарылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға оқу орнының үш техникасы пайдаланылды. Білім ордасы ұжымының өз күшімен аталған аумақтардан 30 тоннадай қоқыс шығарылды.
Жалпықалалық санитарлық-экологиялық айлыққа ұжым үшінші апта қатарынан өз үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта да университет қызметкерлері мен студенттері еңбек науқанына белсенді түрде атсалысуға деп бекініп отыр.